СЫРДАРИЯ АУДАНЫНДА «ҚАЛҚАН-2018» АРНАЙЫ ТАКТИКАЛЫҚ ОҚУ-ЖАТТЫҒУЫ ӨТТІ
Сценарий бойынша, Сырдария ауданының аумақтық қорғаныс құрылымдарының жеке құрамы қарулы қылмыстық топ болып, ерекше маңызды нысанға шабуыл жасайды.
Атап өтейік, 5-14 қазанда Қызылорда облысының Сырдария ауданында аумақтық қорғаныс-әскери бөлімдерінің жиыны өтіп жатыр.
Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев, Сырдария ауданының әкімі Ғ.Казантаев пен аумақтық қорғаныс және құқық қорғау органдарының басшылары мен қызметкерлерінің қатысуымен 12 қазанда жаттығулардың қорытынды-практикалық кезеңі басталды. Жаттығуға жалпы алғанда шамамен 300 адам және 22 арнайы техника қатысуда.
Аудан әкімі, аумақтық қорғаныс басшысы Ғанибек Қазантаев және бөлім басшылары жаттығуларға дайындық барысы туралы баяндады.
Сценарийге сәйкес, Сырдария ауданының Шаған ауылында 16 диверсанттан құрылған қылмыстық жасақ шетелдік қылмыстық топтардың қолдауымен екі автокөлікпен  күзет бекетінен өтіп, аудан орталығы - Тереңөзек кентіне барады. Адам шығынын болдырмау үшін, қылмыскерлерді кедергісіз өткізіп, «Барыс-43» сигналымен  диверсанттарға қарсы күрес жасағы келеді. Екінші бекеттің жасағы диверсанттар кіргені туралы хабар алып, әскери жағдайды қабылдап жауап беру шараларына кіріседі. 
Екінші бекетке келгенде диверсанттар күзетшілерге қарсы оқ атып, төбелесе бастады. «Жалын-03» сигналымен күзет жауынгерлері оларға оқ жаудырып, екі көлікпен диверсанттарға қарсы взвод та келіп жетті. 
Сонымен қатар, Қызылорда қаласынан тікұшақпен взвод келіп, қорғаушыларға көмектеседі және оларды нысанның жанында орналасқан шартты түрде аяқталмаған ғимаратқа қарай енеді. Сондай-ақ, келген тікұшақпен жұмысшыларды қауіпсіз жерге эвакуация жасайды.
Ғимаратта жасырынып жүрген диверсанттардың шабуылына қарсы облыстық ІІБ-ның жаттықтырылған взводы шақырылып, олар тапсырманы табысты жүзеге асырды.
Оқу-жаттығу аяқталғаннан кейін облыс әкімі Қ.Көшербаев барлық қатысушыларды әскери операцияны сәтті өткізуімен құттықтап, үздіктерді марапаттады.
«Ел Президенті – Бас Қолбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің біртұтастығын, халқымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, өмір сүру және аса маңызды нысандарды күзету мен қорғауда аумақтық қорғаныс құрылымдарының орыны ерекше екенін әрдайым айтып келеді. Қай заманда болмасын ата-бабамыз от пен оққа оранып, жанын қиса да, арын сатпаған, бір сүйем жерін жау қолына ұстатпаған. Кешегі өткен Жалаңтөс Бахадүр, Жанқожа және Бұқарбай батырлардай елі мен жері үшін, халқының қамы үшін жанын берер азаматтарымыз бүгінгі күні де аз емес»,-деді аймақ басшысы.
Теги: 

©  ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ

Барлық құқықтар қорғалған және сақталған.

Сайттан мәлімет қолданған жағдайда түпнұсқаға сілтеме болуы міндетті

Яндекс.Метрика