СЫМБАТ ӘБДРАХМАНОВА ҚАЛАНЫҢ МЕРЕЙТОЙЫНА ТАРТУ ЖАСАДЫ
Өңіріміздің  тарихы мен киелі жерлерін, туған жердің тұлғалары мен қасиетін дәріптеу мақсатында «Сиқырлы кілт» атты танымдық-фантастикалық мультфильмі көрермен назарына ұсынуға дайын тұр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақзира Қасымова мәлімдеді.
«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Сымбат Әбдрахманова "Сиқырлы кілт" анимациялық мультфильмге 6 ай уақытын жұмсаған. Мультфильмнің жасалуына «Bilim Foundation» қоғамдық қоры да демеушілік көрсеткен.
"Өлкеміздің кешегі тарихы мен бүгінгісін байланыстырған туындыға үздік педагогтар мен тарихшыларды тарттық. Сондай-ақ, кейіпкерлердің үніне облысқа танымал әртістердің дауысы пайдаланылды. Менің бұл жұмысым Сыр елінің туған күніне жасаған тартуым болмақ», - деді мульфильм авторы.  
Жасыратыны жоқ, қазір қазақ анимациялық фильмдерінің қатары көп емес. Ал Сыр өңірінің тарихынан сыр шертетін анимациялық фильм бұрын соңды болмаған.
«Бұл туынды біздің әрбір мектеп оқушысына Сыр өңірінің табиғатын тануға, тарихын білуге көмегін береді деген үміттеміз. Өлкетану бағытындағы әрбір сабақта пайдалануға қолайлы ең тиімді құралға айналады деген ойымыз да бар», - деді «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Гүлмира Әшірбекова.
Өз кезегінде Ақзира Қасымова «Сиқырлы кілт» мультфильмі Сыр өңірінің тарихынан сыр шертіп қана қоймай, жас ұрпақтың өлкетану бағытындағы білімінің салтанат құруына жол ашып, ұлттық құндылықтарды дәріптейтінін, көрерменнің прагматикалық көзқарасын қалыптастыратынын айтты.
Айта кетейік, 13 маусым күні сағат 10:00-де «Жібек жолы» кинотеатрында аниматор Сымбат Әбдрахманованың «Сиқырлы кілт» мультфильмінің тұсаукесері болады.
Теги: 

©  ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ

Барлық құқықтар қорғалған және сақталған.

Сайттан мәлімет қолданған жағдайда түпнұсқаға сілтеме болуы міндетті

Яндекс.Метрика