ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖАЗУШЫ-ЭКОЛОГ САЙЛАУБАЙ ЖҰБАТЫРОВТЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШІ ӨТТІ
Жазушы, эколог, «Парасат» орденінің иегері Сайлаубай Жұбатыровты әріптестері 70 жас мерейтойымен құттықтады.
А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде өткен Сайлаубай Жұбатыровтың шығармашылық кеші жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы шағын деректі фильм көрсетілімімен басталды.
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев жазушыны мерейтойымен құттықтап, бар саналы ғұмырын Арал теңізінің тағдырына арнағанын ерекше атап өтті.
«Сайлаубай Жұбатырұлы - қарапайым, ал, табиғатында тым жұмбақ жазушы. Алғаш рет 1967 жылы «Білім және еңбек» журналында «Аралды қайтсек сақтаймыз?» деген проблемалық мақаласымен танылған. Шығармашылық ғұмыры Аралмен байланысқан ол жерлестерін әрдайым рухани демеумен келеді. Бұл Азаматтық миссиясынан ешқашан айныған емес және оны әлем жұртшылығына таныстырудан да жалыққан кезі жоқ. Бүгінде біреу білсе, біреу білмес, Кеңестер Одағы кезінде әлемге әйгілі жиһангез Жак Ив Кустоға хат жазып, толғандырған теңіз мәселесін қозғады. «Кіші Арал» идеясы мен Қазақстан  өзендерінің бір бөлігін Арал өңіріне жеткізу туралы батыл ұсыныстары араға жарты ғасырға жуық уақыт салып орындалып жатыр. Бұл қаламгердің уақыт көшінен қашан да озық жүретінін аңғартса керек. Кейінгі жылдары Арал өңірінің өмірінен жазылған бірнеше томнан тұратын «Абыржы» романы әдебиетте тосын сый болғаны біздер үшін мақтаныш дер едім», - деді аймақ басшысы. 
Қырымбек Елеуұлы жазушыға Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстап, ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың арнайы құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар, мерейтойда Сайлаубай Жұбатыровтың әріптестері мен замандастары, жақындарының жылы лебіздері айтылып, «Абыржы» романының тұсаукесер рәсімі өтті. 
Кеш қаламгердің Арал теңізіне арналған шығармаларынан тұратын концерттік бағдарламаға ұласты.
Теги: 

©  ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ

Барлық құқықтар қорғалған және сақталған.

Сайттан мәлімет қолданған жағдайда түпнұсқаға сілтеме болуы міндетті

Яндекс.Метрика