ҚЫЗЫЛОРДАДА АМАНКЕЛДІ КЕНЕНБАЕВТЫҢ «СЫРДАРИЯ» АТТЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КӨРМЕСІ ӨТТІ
Қалалық көркемсурет галереясында қылқалам шебері Аманкелді Кененбаевтың «Сырдария» атты шығармашылық көрмесі және кітабының тұсаукесері өтті.
Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы аясында қалалық көркемсурет галереясында КСРО және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Сыр өңіріне арналған бірқатар картиналардың және Мұстафа Шоқай, Әбділдә Тәжібаев, Жанқожа батыр ескерткіштерінің авторы Аманкелді Кененбаевтың «Сырдария» атты жеке шығармашылық көрмесі өтті.
«Өз бастауын ғасырлар қойнауынан алатын Сырдың қасиетті де қастерлі топырағы талай талантты тұлғаларды дүниеге әкелді. Қазақтың тұңғыш ұлттық драма театрының сахна көркемдеушісі болған халық шебері Ләтипа Хожықовадан бастап, ағайынды Қожахмет және Құлахмет Хожықовтар, Сахи Романов пен Салихитдин Айтбаевтар қазақ бейнелеу өнерінің дамуына үлес қосты. Аманкелді Кененбаев  - Сыр бойы бейнелеу өнерін биікке көтеріп келе жатқан ерекше есім. Суретшінің 2015 жылы АҚШ пен Жапонияда өткізілген көрмесі талғампаз қонақтардың назарын аударғанын білеміз. Францияның Ножан-Сюр-Марн қаласында тұрған Алаш арысы Мұстафа Шоқайдың мүсіні де Аманкелдінің қолынан шыққан.  Өзіміз күн сайын көріп жүрген Жанқожа батырдың еңселі ескерткіші мен ақын Әбділдә Тәжібаевтың тас мүсінінің авторы да осы суретші. Бұған дейін жыл басында еліміздің рухани астанасы - Алматының төрінде «Сұлутөбе» атты жеке көрмесі ашылса, бүгін суретшінің «Сырдария» атты көрмесі назарларыңызға ұсынылып отыр»,-деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, қылқалам шеберін Алматыдан келген өнертанушы Ирина Юферова да құттықтады.
Айта кетейік, Аманкелді Кененбаевтың туындылары ТМД елдерінде және АҚШ, Канада, Португалия, Будапешт, Израиль, Норвегия, Германия т.б мемлекеттердегі көрмелерде қойылған.
Теги: 

©  ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ

Барлық құқықтар қорғалған және сақталған.

Сайттан мәлімет қолданған жағдайда түпнұсқаға сілтеме болуы міндетті

Яндекс.Метрика