Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаевтың төрағалығымен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматовтың қатысуымен өткен мәжілісте облыс аумағындағы уран өндіру мен өңдеу және ұлттық компанияның әлеуметтік жауапкершілігі мәселелері қарастырылды.
Облыс әкімі Қ.Көшербаев «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-мен әріптестікті дамыту бойынша бірқатар ұсыныстарын айтты.
Сонымен қатар, аймақ басшысы Ресейдің техникалық жоғары оқу орындарында оқуын тәмамдаған жергілікті жас мамандарға, сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның білім беру гранттары бойынша білім алған мамандарға арналған жағдайларды қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ, Шиелі ауданы, Еңбекші ауылында «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автомагистралі арқылы көпір салу үшін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қаражат бөлу мүмкіндігін қарастыру керектігін атап өтті.
«Жақында Қызылорда қаласында ірі жол-көлік оқиғасы орын алды. Жеңіл автокөлік құм тиелген жүк көлігіне соқтығысып, нәтижесінде төрт адам қайтыс болды. Бұл жүк көлігі химиялық заттар немесе күкірт қышқылына толы болса не болар еді, елестетіп көріңіздерші? Сондықтан бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында көпір салу үшін қаражат бөлу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын», - деді Қ.Көшербаев.
Өз кезегінде, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов қоршаған ортаны қорғау және қауіпсіздік мәселелері компания үшін маңызды болып табылатынын, сол себепті көпірдің құрылысы бойынша шараларды қолға алуға дайын екенін айтты.
«Сондай-ақ, түлектерді жұмысқа орналастыру жайындағы ұсынысыңызға қатысты айтарым, бізге қажетті мамандар болса, оларды жұмысқа қабылдауға әзірміз»,-деді «Қазатомөнеркәсіп» басшысы.
Теги: 

©  ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ

Барлық құқықтар қорғалған және сақталған.

Сайттан мәлімет қолданған жағдайда түпнұсқаға сілтеме болуы міндетті

Яндекс.Метрика