ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ: ХАЛЫҚ АСПАПТАР ОРКЕСТРІНІҢ ТҮРКИЯДАҒЫ АЛҒАШҚЫ КОНЦЕРТІ АНШЛАГПЕН ӨТТІ
Түркияның Кастамону қаласындағы түркі тілдес халықтарының өнер фестивалінде Тұрмағанбет халық аспаптар оркестрінің концерті аншлагпен өтті. Концерттік бағдарламаны тамашалаған көпшілік қошеметін білдірді.
Концертте қазақ халқының әндері, Әлшекей, Құрманғазы, Қорқыттың күйлері және әлемдік, қазақстандық композиторлардың шығармалары орындалды.
Сонымен қатар, оркестрмен бірге Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Түркия мемлекеттерінің өнерпаздары да өнер көрсетті.
Естеріңізге сала кетсек, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының ұйымдастыруымен шара 1-10 маусым аралығында Түркия мемлекетінде өтуде. Фестиваль аясында оркестр ұжымы Анкара, Ақсарай және Болу қалаларында өнер көрсетеді.
Атап өту керек, Тұрмағанбет халық аспаптар оркестрі Сыр сүлейі, атақты шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 125 жылдық мерейтойы қарсаңында 2007 жылы Қызылорда облыстық филармониясы жанынан құрылды.
Бүгінде оркестр құрамында 45 музыкант бар. Ұжыммен тәжірибелі 2 дирижер, оркестрдің жетешісі Кеулімжай Ботабаев және Күлдары Избанова жұмыс жасайды. Көркемдік жетекшісі – Самат Абылаев.
Оркестр репертуарында 300-ге жуық қазақ ұлттық әндері, күйлері, Қазанғап, Шал Мырза, Бекпембет, Әлшекей, Жалдыбай, Досжан Төлеген, Қазақстан және жергелікті композиторларының шығармалары қамтылған.
Ұжым орындауында классикалық музыка, сондай-ақ, орыс, кәріс, ұйғыр, әзербайжан және тәжік әуендері бар.
Оркестр өзінің ерекше орындаушылығы арқасында үлкен қошеметке ие болған. Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Нұрғали Нүсіпжанов және т.б. концерттері оркестрдің сүйемелдеуімен өтті.
Теги: 

©  ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ

Барлық құқықтар қорғалған және сақталған.

Сайттан мәлімет қолданған жағдайда түпнұсқаға сілтеме болуы міндетті

Яндекс.Метрика