ЭКОЛОГТАРҒА ЖАҢА АРНАЙЫ ТЕХНИКА СЫЙҒА БЕРІЛДІ
Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев облыстық эколог мамандарын Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнімен құттықтап, үздік қызметкерлерді марапаттады.
А.Тоқмағамбетов атындағы Мәдениет үйінде Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне арналған салтанатты шара өтті. Облыс әкімі көптеген жылдар бойы Арал теңізі суының тұздану мәселесі алаңдатқан Сыр өңірі үшін бұл мерекенің маңыздылығын атап өтті. 
«Ал, «Арал дағдарысы» - Арал бассейнінде өмір сүретін 35 млн. адамға әсерін тигізіп отырған, адамзат тарихындағы аса ірі экологиялық зардаптардың бірі. 6 млн. гектардан асатын аймақ тұзды шөлге айналып, атмосферасындағы тұзды тозаң көзі болды. Осындай қиын жылдары Елбасы Н.Ә.Назарбаев Арал теңізін қалпына келтіру туралы тарихи шешім қабылдап, «ғасыр жобасы» - «САРАТС» қолға алынды, аймақтың балық шаруашылығы қайта жанданды. Бүгінгі күні САРАТС жобасының екінші кезеңі басталып кетті. Енді теңіз Арал қаласына жетеді деген сенім мол», - деп атап өтті аймақ басшысы.
Сондай-ақ, облыс әкімі өзге де өзекті мәселе – «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Протон» зымыран-тасығыштарын ұшырылу мәселесі шешім тапқанын жеткізді. «Протон» зымырандарын ұшыру қысқартылып, 2026 жылы оларды мүлдем ұшырмау туралы шешім қабылданды.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов қоршаған ортаны қорғау саласындағы ұйымдардың үздік қызметкерлеріне марапаттар мен арнайы автотехникаға сертификат табыстады.
Сондай-ақ, әріптестерін сала ардагері Қуанышқали Шапшаңов құттықтады.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен аяқталды.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасында Экологтар күні 5 маусым күні тойланады. Бұл мереке ресми түрде 2011 жылы Қазастан Республикасының «ҚР мерекелер туралы» Заңымен бекітілді және БҰҰ Бас Ассамблеясы белгілеген Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау мерекесімен тұспа-тұс келеді.
Теги: 

©  ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ

Барлық құқықтар қорғалған және сақталған.

Сайттан мәлімет қолданған жағдайда түпнұсқаға сілтеме болуы міндетті

Яндекс.Метрика